ХIX ғасыр ортасына дейін ғалымдар өсімдіктер үшін ең маңызды химиялық элементтерді анықтады. Олардың қатарына оттек, сутек, көміртек, азот және т.б. кіреді. Бұлардың ішінде азот, фосфор және калий ең маңызды элементтер саналады. Азот туралы әңгіме қозғайық.
Азот – кез келген тірі организмнің негізгі «құрылыс материалы» қызметін атқаратын амин қышқылдарының, яғни ақуыздардың маңызды бөлігі. Өсімдіктер өскен кезде азотты топырақтан бактериялар көмегімен сіңіреді. Шаруа бақшасында өсірген өнімін сатқанда сол топырақтан өнімге сіңген азотпен бірге сатады деуге болады. Оның орнын тыңайтқыш сеуіп толтырып отырмаса, жердің құнарлығы жылдан-жылға кеміп, өнім азая бастайды. Сол уақыттың өзінде-ақ азоттың топырақта табиғи процестер нәтижесінде, бірақ тым аз және өте баяу түзілетіні белгілі болған.
Еуропаның бірталай елдері алғашында тыңайтқыш ретінде Оңтүстік Американың мұхитпен шектескен жағалауларындағы гуаноны пайдаланған. Бірақ ол тез-ақ таусылған. Одан кейін Чили селитрасын пайдаланғанымен, оның да көпке жетпейтінін түсінген.
Атмосферадағы азотты байланыстыру мәселесінің туындауы
1898 жылы өз заманындағы ең ірі жаратылыстанушы ғалымдарының бірі ағылшын У. Крукс Британ ғылыми қауымдастығына жасаған баяндамасында былай деп көрсеткен: «Қазір астықтың барлық түрі негізгі тыңайтқыш деп аталатын нәрсені қажет ететіні мойындалды… Бидай, негізінен, азотты аммоний немесе азот қышқылы түрінде ғана қажет етеді… Атмосферадағы бос азот қоры іс жүзінде шексіз болғанымен, өсімдіктер азотты бос (N2) күйінде сіңіре алмайды. Оны әйтеуір бір қосылысқа, мысалы, азот қышқылы тұзы – нитраттарға айналдырып барып, қолдануға болады. Жер шарындағы халық саны жылдан жылға артып келеді. Осылай жалғаса берсе, барлық нитраттың табиғи қоры алдағы 20–30 жылда, ал сұраныс артқан жағдайда одан да ерте таусылады. Бұл ашаршылыққа әкеледі. Сондай-ақ осы жылдары нитраттарды жарылғыш заттар ретінде әскери мақсатқа да кеңінен қолдану басталған. Бұл мәселені одан ары ушықтырады». Крукстың осы мәлімдемесінен кейін «атмосферадағы азотты байланыстыру мәселесі» туындады.
Атмосферадағы азотты байланыстыру (қосылысқа айналдыру) әрекеті бұған дейін де қолға алына бастаған. Кейбірі сәтті жүзеге асып, кейбірі аяқсыз қалған. Крукс та осы жаһандық мәселені шешуге тырысқанымен, діттегеніне жете алмаған. Сол себепті өзі де «атмосфералық азотты байланыстыру мәселесі – болашақ өнертапқыш химикті күтіп тұрған үлкен жаңалықтың бірі» деп айтып кеткен.
Құрманғали Бекишев
Педагогика ғылымдарының докторы,
химия ғылымдарының кандидаты
Ал осы жаңалықты кім ашқанын білгіңіз келсе, «Әл-жәбрдің атасы» журналының №3 санынан мақаланың толық нұсқасын оқыңыз.