Голливудтың атақты режиссері Стивен Спилбергтің «Юра дәуірінің бағы» деп аталатын қиял-ғажайып фильмін көрген я ол жөнінде естіген боларсыз (Юра дәуірі – Жер бетінде динозаврлар өмір сүрген кезең). Фильм сюжеті бойынша «InGen» компаниясының президенті, профессор Джон Хаммонд гендік инженерияның көмегімен миллиондаған жыл бұрын Жер бетінен жойылып кеткен динозаврларды тірілтеді. Компания жұртшылыққа Юра дәуірінің ғаламат өміріне экскурсия жасайтын мүмкіндікті ашпақ болып, сынама көрілімді ұйымдастырған мезетте зертхана ішінен сатқындар шығып, есікті ашық қалдырады. Осылайша бақты тамашалуға келген саяхатшылар мен алып динозаврларды бөліп тұрған кедергі құлап, дүрбелең орнайды. Жә, бәрін тәптіштеп баяндаудың қажеті жоқ болар. Мақаламыздың кіріспесін осы бір фильммен бастауымыз тегін емес. Өйткені бұл тарихтың қойнауына енген Юра дәуіріне қатысты көпшіліктің көзқарасын қалыптастырған туынды. Дегенмен Юра дәуірі келмеске кеткен, ол әлем жөнінде тек қиялдай аламыз деп ойласаңыз – қателесесіз. Жер бетінде Юра дәуіріндегі тіршілік жалғасын тапқан ғаламат бір арал бар. Олай болса, сол бір ғажайып мекенмен таныстығымызды бастайық!
Галапагос аралдары – түрлердің пайда болуы мен табиғи сұрыпталуды сөз еткен Чарльз Дарвин теориясының туындауына мұрындық болған аймақ. Аталған аралды эндемикалық жануарлардың көп түрі мекен еткендіктен, ерте кезеңнен зерттеушілердің қызығушылығын тудырған. Айталық, жаратылыс туралы түсінікті түбегейлі өзгерткен Дарвин өзінің атақты табиғи сұрыпталу теориясын жас күнінде осы аймаққа жасаған экспедициясынан кейін шығарған. Бұл арал Тынық мұхитының шығыс бөлігінде, экватор сызығының үстінде, Эквадор мемлекетінен (сол елге тиесілі) мың шақырым шалғайда орналасқан. Аталған аралдардың пайда болуы да қызық. Ілкі кезеңде мұхит астындағы жанартаулар атқылап, салдарынан су бетінде ешқандай құрлыққа жалғанбаған бірегей арал қалыптасқан.
Галапагос аралдарындағы әралуан жануарлар әлемі
Галапагос аралдары – өзінің бірегей биоалуандығымен танымал болған Жер бетіндегі таңғажайып мекеннің бірі. Аралдың айрықша флора мен фаунасы әлемнің әр түкпіріндегі зерттеушілерді өзіне магнитше тартады. Өйткені мұнда өсетін өсімдіктер мен мекен еткен жануарларды әлемнің басқа нүктесінен мүлде кезіктірмейсіз.
Галапагос аралындағы ең танымал жануар – алып піл тасбақасы. Құрлықты мекен еткен тасбақаның бұл түрі алып денесімен (тас қабығының ұзындығы 120–125 сантиметр, ал салмағы 300 килограмнан асуы мүмкін) және көп жыл өмір сүретінімен айрықшаланады. Кейбір піл тасбақалары екі ғасырға жуық өмір сүруі де мүмкін.
Ирина Короткова
Астана қаласындағы КеАҚ «РФМШ» мектебінің биология пәнінің мұғалімі
Абишева Салтанат
«НЗМ» ДББҰ аға менеджері
Галапагос аралындағы өзге де қызықты жануарлар туралы «Әл-жәбрдің атасы» журналынан оқи аласыз.