Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының қоңыр күзі. Жүрдек поезд таң ата Ленинградтың (қазіргі Санкт-Петербург) Мәскеу вокзалына тоқтады. Бүкілодақтық алгебра конференциясына қатыспақ мақсатта Ленинградқа келгенмін.
Вокзалдың дәл жанында қонақүй бар екен, қателеспесем, оның да аты Мәскеу болуға тиіс. Қонақүйге орналаса сала сыртқа қайта шықтым. Ол кезде қазіргідей қонақүй стандартына таңғы ас кіре ме, жоқ па – білмеймін, іссапарға алғаш шыққан студент мұны қайдан білсін. Қонақүйге жапсырыла салынған ғимараттағы «Пельменная» деген жазуды көрдім.
Таңғы асты алып түрегеп тұратын тамақ үстеліне бардым. Іле-шала қасыма бір қара шал кеп жайғасты.
– Қазақша сөйлейсің бе? – деді.
– Сөйлеймін, – дедім.
– Мен Асан Таймановпын, – деді қысқа ғана. Жүз жыл таныс адамдай шүйіркелесе кеттік.
Мен Алматыға алғаш рет 1969 жылы физика-математика мектебінде оқу үшін келгенмін. Интернатта тұрдық. «Калинин көшесі, 86» мекенжайы әлі есімде. Сағынышпен өткен талай жыл естен қалай шықсын.
Жолдың арғы бетіндегі интернатқа қарама-қарсы тұрған үлкен ғимарат геология институтына қарайды. Одан әрі математика институты орналасқан. Мен анда-санда институтқа барамын. Онда шағын болса да әдемі кітапхана бар. Іші толған математика кітаптарымен әдемі. Бөтен кітап жоқ. Кітапхана шағын болғанымен, барлық Кеңес одағында шығатын математикаға қатысты кітап-журналды табасың. Кітапхана меңгерушісі – Қайрат Мыңбаевтың шешесі. Бала келді демей, сұранысыңды мұқият тыңдап, керегіңді жылдам тауып беруге көмектеседі.
Сол кезде институт директоры Асан Дабысұлы Тайманов болатын. Мен Асекеңді сырттай көргенім болмаса, жақын келіп мазалайтын әдетім жоқ. Ол кез балалар мұғалім, директор орынбасары, директордан именетін, сыйлайтын, алдын кесіп өтпейтін заман.
Байқасам, қазір педагогика ғылымы бала бостандығын шектейді деп терістегенімен, осы әдеттің зиянынан пайдасы мол сықылды. Жалынды сөздер ол кезде де көп болатын. Кітапхана төрінде Ленин мен Маркстің толық шығармалар жинағы тұратын, бірақ Лениннің 97 томы көрінбейтін. Лениннің томынан бір мақаланы оқы деп тапсырма берілгендіктен, сол кітапты тауып берсеңіз деп апайға өтініш айтсам, ол кісі орталық кітапханаға бар деп сілтейтін. Алайда кішкентай бөлмеде орналасқан кітапханада «Науки и жизнь», «Знание и сила», «Техника молодежи», «Юный техник» сияқты журналдар табылатын. Кейде «Юный натуралист» журналын да тауып алуға болатын. 1970 жылдан бастап «Квант» журналы шыға бастады. Бұл мен ең сүйіп оқитын журналым еді. 1972 жылдан бастап оны да кітапханадан оқи алатын болдым. Сол жылы осы журналдың есептерін үздік шығарушы ретінде «Квант жеңімпазы» атанғаным бар.
Ғылым академиясы кітапханасында «Journal of Algebra» журналының кей жылдарғы нөмірлері жоқ екенін байқадым. Себебіне үңілсем, жағдай былай екен: «ешкім оқымайды, валюта үнемдейміз» деген желеумен кей журналдар тізімнен сызып тасталыпты. Ғылыми журнал жұрттың бәрі оқитын көркем-әдеби журнал емес. Бүгін оқырманы болмаса, ертең оқылады. Маман бүгін болмағанымен, ертең шығуы мүмкін, әйтеуір түбі шығары анық. Бұрыннан бар классикалық ғылыми журналдарға міндетті түрде жазылу керек. Мысалы, Америка Математика қоғамының, Франция Ғылым академиясының журналдары сөреде тұруға тиіс. Маркс пен Лениннің еңбектері ғана емес. Осы әңгімені жиі көтеріп жүрдім. Мұны менен бұрын Асан Тайманов та айтып жүрген екен. Асекең Алматыға келгенде кейінгі жылы жазылатын журналдар тізімін қадағалап жүреді екен. Журналдар бар жылдар Асекеңнің Алматыға келген мерзімімен сәйкес келетінін байқадым.
Асан Дабысұлын Ленинград асханасында көрген бетте еске түскені осындай мәселелер еді. Ас ішіп болған соң, жаяулатып Стеклов атындағы СССР Ғылым академиясы, Математика институтының Ленинград филиалына қарай бағыт алдық. Нева даңғылы бойымен келеміз.
Менің Шиеліден екенімді естігенде өзінің Шиеліде 1956 жылы болғанын есіне алды. Сол жылы күн тұтылыпты. Шиеліге студенттер апарып, сонда күн тұтылғанын бақылағанмын деді. Асекең МГУ-дан соң Қызылорда педагогика институтына жұмысқа орналасқан екен. Соғыста тұтқында болғандықтан, тұратын жеріне шектеу қойылып, Мәскеуден, Иваново қаласынан ығыстырып, Қызылордадан орын тепкен екен. Осыған ұқсас жағдаймен Қызылордадағы Шиелі өңіріне талай мықты азаматтар келгенін мен де есіме алдым.
Бір кезде синагога туралы сөз қозғалды. Синагога маңайынан өттік пе, әлде бір ғимарат бүйірінде осы жерде болған мекеме туралы тақтайша көрдік пе – есімде қалмапты. Мені қайран қалдырғаны – Асан Дабысұлының тек математика емес, жан-жақтан көп мағлұмат білетіні еді. Днепропетровск қаласының бас раввині, белгілі каббалист Леви-Ицхак Шнеерсон «діни және Кеңеске қарсы насихаты» үшін 1939 жылы Шиеліге жер аударылады. Қуғында жүрсе де діни қызметін жалғастыра береді. Қазір Қазақстанның орталық синагогасы Леви-Ицхак Шнеерсон атында. Жетінші Любавич ребесі осы Леви-Ицхак Шнеерсонның үлкен ұлы Менахем-Мендл Шнеерсон екен.
Бірақ мені қатты таңғалдырған басқа бір жайт еді. Енді соған тоқталайын. Анчиков көпірі маңынан өте бергенде, Асекең көсіле сөйледі:
– Бұл көпірдің шын аты – Ангичкин көпірі. Бір кезде осы жер Петербург қаласының шекарасы болған. Мұнда кеден салығын төлейтін мекеме тұрған. Осы жерден орыстың талай жақсысы мен жайсаңы өткен, – деп бір тоқтады.
Бір кезде кенет бір өлең оқи бастады:
Өкінбей, өлем демей өрге басқан,
Ерінбей еңбек қылып егін шашқан.
Жалықпай жартас қазып, кен шығарып,
Талықпай тас бұлақтың көзін ашқан.
– Бұл кім? – дедім аң-таң күйде.
Петрбор — патша тұрған үлкен қала
Ғылым, өнер оқитын үй бар жаңа.
Университет деген медреседе
Оқып жүр Владимир деген бала.
– Әрмен қарай, тағы? – деп өтініш айттым.
Бай өзіне тең көрмес жердің жүзін,
Итінен-ақ білдің ғой байлық ізін.
Әкеліп француздан бір молда қыз,
Оқытты Мария деген жалғыз қызын.
– Пушкинді Абай аударған. Бірақ бұл Абай емес. Сонда кім? – Қайталап сұрадым.
– Шәкәрім дейтін атаң болған. Прозаны өлеңмен аударған басқа ақынды білемісің? – Жауап қысқа еді. – Жылдамдатайық. Конференция басталатын уақыт таяды.
Ғылым жарықтықты кейде қызғаншақ қызға теңеуге болады. Ой келсе бөтен ойды тырқыратып қуып шығады. Конференция мәжілісі бірде Стеклов институтында, бірде Ленинград университеті ғимаратында өтеді. «Шәкәрім деген кім?» Сұрақ жұмбақ күйінде қала берді.
Асқар Жұмаділдаев
академик
Шәкәрімнің аты көпшілікке неге беймәлім болып келді? Мақаланың толық нұсқасын «Әл-жәбрдің атасы» журналының №1 санынан оқи аласыз.