(Фон музыкасының қысқаша тарихы)
Достар, қонақүйлер фойесінде немесе қымбат ресторандарда талықсып естіліп тұратын жайлы музыкалар естеріңізде болар? Тағы да түсініктірек болсын: мұндай музыкаларды ақындар өлең оқып жатқанда да, үлкен дүкендерде де қойып қояды. Мұны музыка тілінде «фон музыкалары» дейді.
Басы мен соңы белгісіз, алыстан естілер-естілместей болып тұратын мұндай музыкалар бір қарағанда елеусіз болып көрінгенмен, кеңістікке жайлы атмосфера сыйлап, адамдардың жанын тыныштандыратын қасиеті бар. Тек мұндай қазынаға адамзаттың қол жеткізгеніне жүз жылдай ғана уақыт болды. Сонда оған дейін болмаған ба? Болмаған. Әрине, театрларда, фильмдерде, билерде оқиғаның мазмұнын аша түсетін немесе кейіпкерлердің ішкі жағдайын, қимыл-қозғалыстарының мағынасын сипаттайтын музыкалар болған. Бірақ оларды фон музыкалары деп айтуға келмейді. Себебі фон музыкаларының басты ерекшелігі – оны адамдар арнайы тыңдамайтынында. Ол тек декорацияның бір бөлігі ретінде кеңістікте тұрған заттармен біте қайнасып кетуі керек. Сол үшін де оны француз композиторы Эрик Сатие (1866–1925) «жиһаздар әуені» (мебилировочная музыка) деп атаған.
Шығу тарихы
Эрик Сатие демекші, фон музыкаларын алғаш ойлап тапқан да осы композитор. Ол адамдардың бір-бірімен әңгімелесіп отырғанын бақылағанды ұнататын. 1918 жылдары ол «Неге осы адамдар сұхбаттасып отырғанда арт жақтан жай бір елеусіз музыка естіліп тұрмасқа?! Меніңше, осылай әдемірек болатын секілді» деп алғаш бір әуен қайталана беретін, анық мазмұны жоқ бірнеше партитура жазып шығады. Сөйтіп, театрға барып, драматург Макс Жакобтың спектаклінің антрактінде үзілісте тұрған адамдардың ортасында шығармаларын ойнай бастайды. Дәл сол сәтте көрермендердің бәрі спектакль басталып кеткен шығар деп залға қарай жүгіре жөнеледі. Эрик Сатие болса «Ешқайда кетпеңдер! Бұл жай сіздердің әңгімелеріңізді сүйемелдеу үшін қойылған музыка» деп әбігер болады.
Иә, замандастары Эрик Сатиенің бұл музыкасын еш түсіне алмаған. Композитор адамдардың арасында шығармаларын тарта бастағанда, бәрі тыныштала қалып музыканы тыңдайтын. Ал Эрик Сатиенің ойлағаны басқа еді. Ол тек музыкаларының фонда қосылып тұрғанын, сол арқылы кеңістікке жайлы атмосфера қалыптастыруды мақсат тұтты. Достарынан тиісті бағасын ала алмаған ол бір сөзінде «Мен өз заманымнан ерте туып қойған сияқтымын» деген екен. Осылайша фон музыкаларын көбі түсінбей, кең танылмады. Ал Эрик Сатие еңбегінің жемісін қалауынша көре алмай, 1925 жылы бақилық болды.
Әрі қарай не болды?
1934 жылы америкалық оқымысты Джордж Оуен Сквайер лифтерге музыка қоюды ұсынады. Себебі лифтілер енді пайда болған кез, адамдар әлі де қорқып, өзін жайсыз сезінетін. Джордж Оуен Сквейер лифтілерде фон музыкасы естіліп тұрса, адамдардың оған мінгенде қорқынышы сейілетінін айтқан. Көп ұзамай ол «Музак Холдинг» компаниясын ашып, лифтілерге арналған музыкалар топтамасын шығара бастайды. Осылайша Эрик Сатиенің ойлап тапқан жаңалығы араға оншақты жыл салып кең қолданыла бастаған. Лифтілерде қосылып тұрған музыкалардың арқасында адамдар лифтіге тез үйреніп кетті деседі. Ал «Музак Холдинг» компаниясы әлі күнге дейін фон музыкалары өндірісінде көшбасшы компаниялардың бірі болып есептеледі.
Роман Бұрқаш
Өнертанушы
Фон музыкасының кейінгі тарихы туралы «Әл-жәбрдің атасы» журналының №10 санынан оқи аласыз.