Мария Кюридің көзін көрген жандардың естелігін шолып шығар болсаңыз, «алған бетінен қайтпайтын қайсар, бастаған ісін аяғына дейін жеткізбейінше тоят таппайтын табанды» еді деген сипаттаманы көп ұшырастырасыз. Ғылым жолы – үздіксіз күрес пен тынымсыз еңбектің жолы. Мұнда аяқтан шалып, жолыңды жауып, жігеріңді мұқалтып, көзіңдегі отты сөндіргісі келгендер табылады. Міне, сондай кезде бойыңда қайсарлық пен табандылық болмаса, үлкен жетістікке жете алмасың анық. Біз бүгін сөз еткелі отырған Мария Кюридің өмір жолы осы қасиеттердің маңызын паш етеді.
Ғалым 1867 жылы Польша астанасы Варшавада қарапайым мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Әкесі Владислав Склодовский ол шақта Ресей империясының құрамында болған Варшавадағы мектептердің бірінде физика мен математика пәндерінің мұғалімі еді. Көзі ашық, өз заманының ғылыми жаңалықтарынан хабардар болған ол балаларына жақсы білім беріп, көзін ашу үшін барын салған. Дегенмен оқытушылық көп табыс әкелмегендіктен, Владислав туыстарының бірінің ісіне бар жиған-тергенін салып, ақыры ақшасы желге ұшқан.
Мария 10 жасқа толғанда, анасы құрт ауруынан қаза табады. Әкесіне жалғыз жүріп отбасын асырау қиынға соққандықтан, Мария ерте жастан үй күтушісі болып жұмыс істеген. Ауыр жұмысына қарамастан, ол оқуын тастамай, мектепті алтын белгіге аяқтаған. Аз-маз ақша жинап, Мария білім қуып Парижге келеді (ол шақтағы Париж босқындарға жылы қабақ танытқан, қазіргідей көп ұлт өкілі мидай араласқан, либерал түсініктер өріс жайған бүгінгідей болмағанын ескерерсіздер). Ғылымға ынтықтығын жеңген ол табандап жүріп Сорбоннаға оқуға түседі. Тапқан мардымсыз ақшасы пәтерақы мен тамағына жетпегеніне қарамастан, алған бетінен қайтпаған. Оқуына аш құрсақ барып жүріп, бір күні есінен танып құлап та қалады. Дегенмен білімге ынтық Мария қандай қиындық туса да төтеп беріп, ақыры университетті тәмамдайды.
Университетті бітірген бойжеткен қыз Варшаваға қайтып, жергілікті мектептердің бірінде оқытушы болуды ойға алып жүргенде, күтпеген кездесу оның өмірін түбегейлі өзгертеді. Марияның келешек жары Пьер Кюри ол шақта кристалдар физикасы жөнінде бірнеше еңбек жазған, магнетизм бойынша маманданған атағы шыққан физик болатын. Пьер Муниципалдық мектепте индустриалдық физика мен химияға арналған зертхана жетекшісі болғандықтан, келешек жұбайына мектеп ғимаратынан эксперимент жасайтын бір бұрыш ашып береді. Өте нәзік болғанына қарамастан, табанды Мария француз ғалымына ұнап қалып, ақырында Пьер оған үйленуге ұсыныс жасайды. Алайда Мария жігіттің бетін қайтарады. Өйткені ол шақта Мария отанына оралып, сонда мұғалім болсам деген ойынан әлі де айнымаған болатын. Бірақ Пьер алған бетінен қайтпай, керек болса Мариямен бірге Варшаваға баруға әзір екенін жеткізеді. Ақыры Пьер қыздың жүрегін жаулап, бір жыл өткен соң екі жас шаңырақ көтереді.
Ғылымдағы жолы
1897 жылы күйеуінің тегін алған Мария диссертациясы үшін тақырып іздеуге кіріседі. Ол жарық өткізгіш сәулеленуді ашқан Вильгельм Рентген мен сәулеленуді уран қосылыстары өткізетінін ашқан Анри Беккерелдің жұмысын зерттеуге қызығады. Ақыры, Мария осы бағытты әрі қарай қаузай түсіп, сол шақтағы ашылған химиялық элементтер мен қорытпалардың түгел радиоактивтілігін тексеріп шығады. 1890 жылғы сәуір айында ол Беккерел сәулелерін (ол шақта осылай аталған) уран ғана емес, сондай-ақ кейбір минералдар құрамында болатын әлсіз радиоактивті металл торийдің де өткізетінін анықтайды. Зерттеу барысында Мария Кюри, ең алдымен, заттардың сәулені өткізуі температура мен басқа тысқы факторларға емес, атомдарының қасиетіне байланысты деп жорамалдап, кейінірек осы бір тұжырымы дұрыс екенін дәлелдеп шықты. Осы бір құбылысты ол радиоактивтілік деп атады.
1898 жылы Марияның зерттеулеріне күйеуі Пьер қосылады. Уранинитті (құрамында уран бар минералды шайыр) зерттеу барысында, қос ғалым оның құрамынан екі жаңа элементті бөліп алады. Бұл элементтің бірін Марияның құрметіне – туған жері Польша мен радийді қосып, полоний деп атаған.
Радиоактивтілік пен оны өткізетін жаңа элементтердің ашылуы ғылымда үлкен серпіліс жасап, қоғам арасында нағыз дүрбелең тудырды. Дегенмен бұл «полонийдің» қасиетін жақсы білетін заманауи адам ойлағандай дүрбелең емес. Жұрт жаңа элементтің қатерлі тұсын көрмей, оны барлық ауруға ем болатын дәрі деп санады. Ақырында, аталған элементті шоколадқа, тіс пастасына, төсек жапқыштарға, жүннен тоқылған киімдердің бәріне қосты. Радиоактивті иіссулар, далап, бетке арналған крем де шығарылып, халық арасында кең насихатталды.
1910 жылдары АҚШ-та «Радитор» деп аталатын дәрі өте танымал болды. Аталған дәріні шығаратын компания «Бұл дәрі асқазан қатерлі ісігін, артритті, ревматизмді, психологиялық ауытқуды және бедеулікті де емдейді» деп жарнамалады. Олар радий изотоптарын екі мәрте тазартудан өткен суға қосып, шыны құтыға құйып, дәрі деп сатқан.
Радиоактивті сәулеленудің зардабы уақыт өте келе көрінетіндіктен, бұл элементтің қауіпті болатыны жөніндегі ақпарат тек 1920 жылдың аяғына қарай айтыла бастады. Мария Кюридің өзі де радиоактивті элементтерге шамадан тыс әуес болғанының зардабын тартты. Ол радиациялық ауруға шалдығып, ақыры содан көз жұмды.
1903 жылы Пьер мен Мария Кюри «профессор Анри Беккелер ашқан радиациялық құбылыстарды бірлесіп зерттеп, ғылымға үлкен үлес қосқаны үшін» Нобель сыйлығын иемденді. Ол шақта Нобель сыйлығы тек ерлерге берілетін.
Мария Кюри Нобель сыйлығын ала алды ма? Осы жөнінде және ғалымның бұдан кейінгі ғылыми еңбектері туралы «Әл-жәбрдің атасы» журналының №7-8 санынан оқи аласыз.