Оригами – қағазды бүктеп, пішін жасау өнері. Жапониядан бастау алған бұл өнер түрін қазіргі кезде кәсіп еткендер көп. Бір қарағанда қағазды жай бүктеуді өнер санау әбестік көрінуі мүмкін. Бұған зеріккендер ойлап тапқан есерлік ретінде қарайтындар да баршылық. Бірақ кейде біз елей бермейтін, маңыз беріп қарамайтын дүниелердің адамзат өмірін өзгерткен нағыз инновация болып жататыны бар. Қағазды бүктеуге қатысты солай деуге негіз бар. Осы бір мақаланы аяғына дейін оқысаңыз, оған көз жеткізесіз.
Оригами техникасы әр елдің мәдениеті мен салт-дәстүрінде әртүрлі мақсатта қолданылған. Мысалы, Қытайда қағазды бүктеу арқылы жасалатын негізгі бұйымдардың бірі – желпуіш (веер). Ол күннен қорғану, ауа райын жеңілдету, сондай-ақ сәндік мақсатта қолданылып, ақсүйектер мен патша отбасында кең таралған. Испандықтар қағаздан немесе мата бүктеу арқылы «фреза» деп аталатын мойынға тағатын сәндік бұйымдарды жасаған. Бұл сәндік бұйымдарды испан ақсүйектері XVII ғасырда жиі пайдаланған. Мысырда оригами техникасына ұқсас қағазбен бүктеу әдістері қолданылғаны туралы деректер бар. Мысырлықтар папирус қағазын қолдана отырып, түрлі салтына қарай және түрлі сәндік заттар жасаған. Әсіресе байырғы Мысыр қоғамында киімдер мен аксессуарларды, мысалы, перғауындар мен ақсүйектерге арналған ерекше баскиімдер немесе киімдердің сәнді элементтерін жасау барысында қағаз немесе папирус бүктеу өнеріне ұқсас техникалар қолданылған.
Қағазды қытайлықтар ойлап тапты дегенімен, оригами өнері Жапониядан бастау алады. Бұл елде қағазға деген құрмет, онымен жұмыс істеу өнері діни және мәдени өмірдің маңызды бөлігіне айналған. Ертеде жапондықтар қағазды қолмен жасағандықтан, машақаты көп әрі тым қымбат зат саналған. Сондықтан ежелде қағаздан жасалған бұйымдарды бағалы сыйлық ретінде беру әдебі қалыптасқан. Дәстүріне берік, мәдениетін жоғары дәріптейтін жапондар оригами өнері үшін әлі күнге дейін қағазды ескі әдіспен шығарады.
Оригамиді дамытуға үлес қосқан ең танымал жапондықтың бірі – Акира Йошизава. Ол қазіргі оригамиде қолданылатын қағазды бүктеу диаграммалары мен шартты белгілер жүйесін жасап шығарған. Бұл жүйе әлемнің әр түкпіріндегі оригами шеберлеріне бірдей тәсілмен қағазды бүктеу әдістерін түсінуге мүмкіндік берді. Осы жүйе арқасында оригами техникалары кең таралып, әлемдік деңгейде мойындалған өнер түріне айналды. Акира Йошизава оригами өнерін дамытуға жарты ғасыр уақытын сарп етіп, жалпы мыңға жуық оригами үлгілерін жасап шығарды. Ол оригами өнерінің классикалық түрінен бастап заманауи стильдегі күрделі үлгілеріне дейін жасауға араласты.
Қазіргі уақытта оригами үлгілері ғылымда көп қолданылады. Қағазды бүктеу қағидалары инженериядан бастап нанотехнологияларға дейін инновациялық шешімдердің туындауына септесіп жатыр. Оригамидің негізгі артықшылығы – қарапайым материалдар мен әдістерді қолдана отырып, күрделі құрылымдар жасауға мүмкіндік береді.
Айталық, NASA жерсеріктер мен ғарыштық құрылғыларды жасау ісінде оригами қағидаларын қолданып жүр. Оригами әдістері арқылы жасалатын құрылғылар жинақы әрі жеңіл болғандықтан, бұл ғарышқа зат тасымалдау шығынын азайтады. Мәселен, ғарышқа жіберілетін күн панельдері немесе телескоптар бастапқыда оригами техникасы арқылы бүктеліп шығып, кеңістікте толыққанды ашылып, жұмысын бастайды.
Айбын Жәнетұлы
Педагогика ғылымдарының магистрі
Оригамиден туындаған идеялар, оның қағидалары әлемді қалай өзгерткені туралы толымды ақпарат білгіңіз келсе, «Әл-жәбрдің атасы» журналының №11 санындағы мақаланың толық нұсқасын оқыңыз.
Тамаша! 😍