Бұған дейін уақыт туралы талай ойланған боларсыз? Бұл ұғым бәрімізге жөргекте жатқан кезімізден бері таныс. Есімізді білгеннен бастап бәріне үлгеру мен тиісті шаруаны уақытында істеуіміз керек екенін үйренеміз. Санамызға «уақыт – ақша», «әр нәрсенің өз уақыты бар», «уақыт емдейді», «уақыт өтпей қойды», «тәртіп уақытты үнемдейді» деген сияқты өзге де көп тіркес орныққан… Бұл қандай субстанция өзі? Мен тіпті мұны тұтас өміріміз бағынатын табиғи күш деп айтар едім.
«Уақыт деген не?» Бұл сұраққа осыдан екі жарым мың жыл бұрын Аристотель де жауап іздеген. Грек философы «Уақыт – күллі белгісіз нәрселер ішіндегі ең белгісізі» деп айтқан болатын. Одан бері көп нәрсе өзгере қойған жоқ. Ғалымдар уақытты ұстап қалуға тырысып, рационал негізде түсіндіруге талпынып, тәжірибелер жасап, есептеуін жалғастырып келеді. Уақыт, расында, қызықты, терең әрі жаһандық тақырып. Оның табиғаты мен құрылымы туралы қызықты фактілер келтіруге болар еді, бірақ бүгін оны басқа қырынан талқылағымыз келеді…
Қазіргі әлемде өте танымал time management ұғымы көбіне «уақытты басқару» деп аударылады. Бұл аудармаға мүлде келіспес едім: уақыт бағындыруға яки басқаруға көнетін қуат емес. «Уақытты жоспарлау» дейтін жұмсақтау аударма дөп келетін сияқты.
Тайм менеджмент – жоспарлау өнері, яғни шаруа, міндет, процесс және, әрине, демалысты белгілі бір уақыт аралығына алдын ала ойластырып бөлу. Уақытты ұйымдастыру мен оңтайландыру әдісін де осы терминмен атап жатады.
Әрқайсымыз әртүрліміз десек те, бүкіл адамды тәуліктегі 24 сағат біріктіреді. Аптадағы 7 күн мен бір жыл ішіндегі 365 күн бәрімізге ортақ. Алайда берілген осы ресурсты қалай пайдалану керегін әркім өзі шешеді.
Бәлкім, араңызда Евгений Шварцтің «Жоғалған уақыт туралы ертегісін» оқығандар яки 1964 жылы шыққан кино нұсқасын көргендер бар болар. Онда зұлым сиқыршылар «уақытты босқа өткізетін» төрт баланы қартайған кісіге айналдыратын сюжет кездеседі. Қартқа айналып шыға келген төртеуі содан соң ғана уақыттың құнын әрі оған дұрыс қараудың қаншалық маңызды екенін түсінеді. Әрине, ертегі әдеттегідей шат-шадыман күймен аяқталады. Десек те, 70 жылдан астам уақыт бұрын көтерілген осы мәселелер дәл қазір тіпті өзекті болып отыр…
Әлия Асқарова
Экономика және қаржы ғылымдарының магистрі
Уақытты қалай тиімді өткізуге болары туралы көбірек мағлұмат білгіңіз келсе, мақаланың толық нұсқасын «Әл-жәбрдің атасы» журналының №6 санынан оқыңыз.