Әдетте жұрт қандай да бір іске кірісер алдында «анау жоқ, мынау жоқ» дегендей сылтауларды алға тартып жатады. Оған «күйім болмады, денсаулығым сыр берді, қолымнан келмейді» дегендей кертартпа сылтауларды қосыңыз. Дегенмен бүгін біз сөз етпек болып отырған элементті ашқан ғалымның (бәлкім, қазір оны ешкім ғалым ретінде мойындамас па еді) оқиғасы талапты адамның қолынан келмейтін істің жоқ екенін, шын баптансаң, адам еңсермес биік болмайтынын ұқтырады.
Маргарита Перей – химиядан академиялық білім алмаған, қарапайым шаруаның қызы. Ол мансап жолын Мария Кюридің көмекшісі ретінде бастап, соның зертханасында тәжірибе жинаған. Ол шақта Мария Кюри екі рет Нобель сыйлығын алған әлемдегі алғашқы әйел адам ретінде атағы дүркіреп тұрған еді. Радиацияның анасы ретінде танылған Мария Кюри өзі құрған Радий институтын басқарып, сонда зерттеумен айналысқан. Ғалым талантты, алайда тұрмысы жұтаң жастарға көмек қолын созып, жұмысқа шақырып, жағдайын жасаған.
1929 жылы дарынды әрі еңбекқор 19 жастағы Маргарита Перей Мария Кюридің осы талаптарына сай келіп, институтқа жұмысқа қабылданады. Бірақ оған ұлы ғалымның жанында көп жыл бірге жұмыс істеу бағы бұйырмапты. Институт қабырғасында жүргеніне төрт жыл толғанда Мария Кюри қатерлі ісіктен қайтыс болады. Дегенмен зертханада химиялық элементтермен жұмыс істеп үйренген Маргарита Перейге осы уақыттың өзі мол тәжірибе жинауға жеткілікті болған.
Ақырында, Маргарита ұстазының тапсырмасын әрі қарай жалғастырып, уран кенінен бөліп алған аз ғана актинийді (actinium) тазалап, өте таза актинийге қол жеткізеді. Сосын оның радиациялық қасиеттерін зерттеуге кіреседі. Осы тұста актинийді ураннан бөліп алудың қиындығын айта кетейік. Мәселен, 10 тонна уран кенінен 1–2 миллиграм ғана актиний алынады. Бұл жұмыстың машақаты көп әрі қомақты қаржыны талап етті. Дегенмен қолдау көрген, ресурсы жеткілікті Маргарита жұмыс барысында актинийдің жартылай ыдырау периоды 21 минут болатынын анықтайды.
Жексенбек Тоқтарбай
Химия ғылымдарының докторы
Ғалым ақыры діттегеніне жетіп, жаңа элемент аша алды ма? Ғалымның орасан еңбегі арқасында ашылған элементтің қызықты тарихы туралы толық мақаланы «Әл-жәбрдің атасы» журналының 7-8 санынан оқи аласыздар.