2013 жылы History каналында «Викингтер» деп аталатын сериал жарық көрді. Ежелгі жауынгер халық – викингтер жөніндегі бұл сериал қалың көрерменнің көңілінен шықты. Сериалда IX ғасырда өмір сүрген дат конунгі Рагнар Лодброктің шытырманға толы оқиғалары баяндалған. Сондай-ақ тарыдай шашылған скандинав халықтарының басын біріктірген билеушінің әскер жасақтап ашық теңізге шығып, Еуропаның алып империяларына жасаған жорықтары, соғыс сахнасы мен викингтердің өмір салты мен философиясы көрініс тапқан. Аталған туындының табысты болуына ықпал еткен факторлар жетерлік.
Жалпы поп-мәдениетте ортағасырлық әлем туралы фильмдер мен кітаптар жиі табысты болып жатады. Айталық, XXI ғасыр басында жарық көрген атақты режиссер Питер Джексонның «Сақиналар әміршісі» трилогиясының әлемдік хитке айналуы сөзімізге дәлел. Сондай-ақ 2005 жылы көрерменге жол тартқан Эндрю Адамсонның «Нарния шежіресі» туындысы да зор табысқа кенелді. Ал Джорж Мартиннің 2011 жылы HBO арнасынан жарық көрген «Тақтар таласы» ортағасырлық әлемді тіпті таныта түсті.
Осыдан соң өзін сыйлайтын алпауыт киностудиялар жаппай орта ғасырдың тыныс-тіршілігін суреттейтін үлкен туындылар шығаруға көшті. Солардың арасында Marvel киностудиясы 2011 жылы жарыққа шығарған «Тор» фильмі үлкен табысқа кенелді. Marvel киноғаламының бір бөлшегі болған фильм скандинав халықтарының мифтерін әлемге паш етті. Аталған фильмде скандинав мифологиясындағы құдайлар (Один, Тор, Локки, Хеймдаль) бейнесі, олардың мұзды әлемдегі алып жаратылыстармен шайқасы, Тор құдайдың Жерге қуғындалуы, сымбатты зерттеуші Джейн Фостер есімді сылқыммен арасындағы махаббат хикаясы баяндалады. Ежелгі мифтерді қайта ой елегінен өткізген туындыгерлер мифтерді заманауи әлемнің қым-қуыт тірлігімен біте қайнастырып, сәтті біріктірген. Тордың фильмде құдіретті күшінен айырылып, қарапайым адам кейпіне енуі – осы әлемді адамдармен жақындастыру үшін жасалған әрекет. Әрі сценаристер түпкі ниетіне жетті десе де болады.
Сонымен, ортағасырлық әлемнің ауанын жылы қабылдайтын көрермен жоғарыда сөз еткен «Викингтер» сериалын қызыға тамашалады. Рагнар Лодброктің конунгтен (әскери қолбасшы) даттардың өзге де халықтарын біріктірген беделді билеушіге айналған оқиғасы көрермен жүрегін жаулады. Жалпақ тілмен айтқанда, бұл сериал ондаған жыл бойы көрермен талғамын қалыптастырған сәтті формуланы қайталағаны арқасында көпшіліктің ықыласына бөленді.
Викингтердің сұрқай өмірі
«Викингтер» сериалы мен скандинавтық мифтерді арқау еткен «Тор» фильмін мақаламызда сөз етуіміз тегін емес. Өйткені аталған туындылар бүгінгі дат, норвег, швед, фин халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты таным-түсінігімізді қалыптап отыр. Орта ғасырда теңіз жолдарын ашқан осы халықтар Шотландия, Англия, Франция мен Испания сияқты империялардың қыстағы мен алып шаһарларына дүркін-дүркін шабуыл жасап, тонап тұрған. Скандинавия өлкесінің табиғаты қатал, қысы қатты болғандықтан, Еуропаның басқа мемлекеттері сияқты егінмен айналысып, жан бағуға мүмкіндік болмаған. Ал VI–VII ғасырлар аралығында Жер бетінде «Кіші мұз дәуірі» деп аталатын кезең орнағанын ескерсек, викингтердің малы қырылып, елді аштық жайлаған. Сол себепті скандинав тайпалары жұртын аштықтан аман сақтап қалу үшін көршілес халықтарға шабуылдауға мәжбүр болған.
Ең қызығы, мифтік танымы, діні мен құдайлары жаугершілік өмір салтын дәріптеген бұл мемлекеттер қазіргі күні әлемдегі ең бейбіт, тәртіпті, білім-ғылымы дамыған мемлекетке айналып отыр. Басқыншы соғыстары, жаугершілік рухымен айбат шеккен халықтардың аяқ асты момын елге айналуына не себеп?
Нұрдәулет Омарбек
«Әл-жәбрдің атасы» журналының ғылыми редакторы
Бұған жауапты «Әл-жәбрдің атасы» журналының №10 санынан мақаланың толық нұсқасын оқысаңыз таба аласыз.