«Әл-жәбр» сөзі қайдан шыққан? Қандай тарихы бар? Кімнің есімімен байланысты?
Ортағасырлар басында Шығыста жүзеге асқан ұлы істер туралы сөз қозғағанда, заманауи математика, тригонометрия мен география пәндеріне шексіз үлес қосқан Мұхаммед Хорезмидің атын бірінші атаймыз. Ол алғашқы болып ондық позиционалдық санаудағы нөл белгісі туралы пікірін жария етті. Осы арқылы математика мен астрономия ғылымына айтулы өзгеріс әкелді.
Ғалымның толық аты жөні – Әбу Абдуллаһ Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми әл-Мәжуси. Мұндағы «Әбу Абдуллах Мұхаммед» – ислам дінін жаңа ұстанғандарға берілетін ресми есім. «Ибн Мұса» Мұсаның ұлы дегенді білдіреді. «Әл-Мәжуси» дегеніне қарағанда, Хорезмидің ата-тегі көне мәжуси дінінде болып пұтқа табынғаны, ал әкесінің ислам дінін қабылдағанын білуге болады.
Туған жылы мен қайтыс болған жылы туралы нақты ақпарат жоқтың қасы, дегенмен түрлі деректерге сүйенсек, Хорезми 783 жылы Хорезмде туып, 850 жылы Бағдатта дүниеден өткен.
Хорезми алғаш тәлімді қайдан алғаны мен Хорезмнен кетуіне не әсер еткені әлі де беймәлім. Анығы, мәжусилік абыздар байырғы діни салт-жоралғыны, жергілікті халық жазуын жақсы білген, олардың қолында діни әрі ғылыми әдебиеттер сақталған. Сол себепті Хорезми бастапқы білімін өз өлкесінен алған деген мәлімет шындыққа жанасады.
Хорезмидің отанынан жыраққа кетуіне діни ахуал себеп болса керек. Әкесі жергілікті дінді ұстанғандықтан, араб басқыншыларының қуғынына ұшырамас үшін Хорезмді тастап кетуге мәжбүр болған. Әуелі Хорасанға, кейін Бағдатқа тұрақтаған.
Хорезмидің жас кезінен білімге ынтық болғанын, тіл мен логика ғылымына ғана ден қоймай, өз дәуірінде хорезм, араб, парсы, санскрит, иудеи тілдерін жетік меңгергені туралы ғалымдар өз еңбектерінде тоқталып өткен. А.Н. Боголюбов, В.А. Гукович «Әл-Мәжуси және медицина» мақаласында әл-Хорезмидің медицина ғылымымен айналысқаны туралы жазған.
Мақаланың толық нұсқасын «Әл-жәбрдің атасы» журналының №1 санынан оқи аласыз.