«Адамзат тарихы – құрал-cаймандарды дамыту тарихы» деген сөз бар. Тұрмысымызға қажетті құралдар біртіндеп пайда болған сайын сол кезең үшін үлкен жаңалық ретінде таралды. Адамдар мыңдаған жыл бойы өмірді оңайлататын дүниені армандап келсе, үздіксіз ізденіс арқасында пайдалы машиналарды ойлап тапты. Технология деген – адамның қоршаған әлем туралы білімін практикада жүзеге асыруы десек, терезе, аяқкиім, қағаз, қалам сияқты тұрмысымызға қажет құралдар да бір кездері осы санатқа кірді.
Тарихқа көз салсақ, бірнеше технологиялық төңкеріс болғанына көз жеткіземіз. Өзенді бөгеп дамба соғу, астықты жинап қамба соғу, бу машинасын ойлап тауып, кеме мен пойыз, автомобильдер жасау – осы революциялар көрінісі. Ал өндірісті автоматтандыра отырып, барынша адам қолымен жасайтын істерді азайтып, өнім өндіруді конвейерге айналдыру роботтандыру дәуірі келгенін көрсетеді. Өнертапқыштар мұны технологияның екі түрі – роботтар және жасанды интеллект көмегімен жүзеге асырмақ. Жасанды интеллект сияқты дүние мен адамның прототипі саналатын роботты біріктіргенде қандай нәтиже шығуы мүмкін? Адамнан бірнеше есе жылдам, қуатты, физикалық күші сарқылмайтын роботқа жасанды интеллект қабілетін қосқанда нендей нәтижеге алып келеді деп ойлайсыз?
Робот туралы ойлағанда ойыңызға ең әуелі не келеді? Көпшілік роботтарды адамға ұқсас монотонды даусы бар автоматтандырылған машина түрінде елестетеді. Алайда роботтың ерекшелігі – сыртқы сипаты емес, іс-әрекеті. Роботтар ғылыми фантастикамен жиі ассоциацияланады (R2-D2, Wall-E, Трансформер). Бірақ олар фабрикалар мен өзге де өндіріс орындарында механикалық қызмет көрсету үшін кеңінен қолданылады. Қазір оларды төңірегімізден көп көреміз – үйімізде, кеңселерде, мектеп пен сауда орталықтарында, бұл бірсыпырасы ғана. Роботтар – ең қызықты өнертабыстың бірі, олардың кейбірі жасанды интеллекті және машиналық оқытумен біріктірілген.
Робот деген не?
Робот – белгілі бір міндеттерді орындауға және адам іс-әрекеттерін қайталауға бағдарламаланған машина. Ол өздігінен жұмыс істей алады, оған қоса, жұмыс істеу тәртібін реттеп отыратын ақпаратты қабылдайды. Бұл чех тіліндегі «robot» (чех тілінде) сөзінен алынған, «мәжбүрлеп жұмыс істету» немесе «ауыр еңбек» деп аударсақ та болады. Бұл машиналар әртүрлі мақсатта және көптеген функцияны атқаруға арналып жасалған. Пайда болған уақыты мен жаппай қолданысқа түскен шағынан бері роботтар адамдардың жұмыс күшін алмастырып келеді.
Роботтарға қандай сипат тән?
Біріншіден, роботтарда адамдікіндей қажеттіліктер болмайды, мәселен, ас ішіп, табақ босату, таза ауа т.с.с. Екіншіден, оларда сезім мен эмоция жоқ. Алайда «ақылды роботтар» жасанды интеллекті көмегімен сана-сезім иесі бола алады. Үшіншіден, роботтар механикалық құрылымын жасау, бөлшектерін алмастырып тұру мен жобалауға кететін уақыт тұрғысынан алғанда тым қымбатқа түседі. Оның үстіне, роботтарға қажет энергия көзі – электр қуаты. Оны сым арқылы күн энергиясы немесе бекітілген батареямен жеткізеді.
Қолданылу мақсаты мен атқаратын қызметіне сай роботтардың түрі көп: өндірістік, әскери, қызмет көрсету, зерттеу, қауіпті, медициналық және ойын-сауық бағыты сияқты типтерге бөлінеді. Бұдан өзге іс-әрекетті қайталайтын толық автономды автоматон, басқа планеталарда ұшуға қабілетті – аэробот сияқты робот түрлері де кездеседі.
Ал осы роботтарды жасау мен зерттеу туралы ғылым «роботех» деп аталады. Бұл салада ғалымдар роботтарды жобалайды, өндіреді және эксперименттер жүргізеді. Роботех – пәнаралық ғылым, әйтсе де негізінен инженерия және информатикамен тығыз байланысты.
Роботтың белгілі бір әрекетті дұрыс істеуіне адамдікіндей «ақыл» керек. Яғни оған керек нәрсе – интеллект. Адамдағы табиғи интеллект оған болмысынан беріледі. Ал ақылды роботқа осындай интеллектіні жасап береміз. Адам жасаған интеллект жүйесі жасанды интеллект немесе қысқаша ЖИ деп аталады.
Робот жасау тарихы
Адам істегеннің бәрін істей алатын әмбебап машинаны жасап шығару идеясы бағзы заманнан бері бар. Мұндай әмбебап құралдарды ойлап табуға адамзат қоршаған әлем туралы мыңдаған жылдар бойы жиған білім-білігін жұмсады. Әрі оларды жасаудағы мақсат – адамдарға көмектесу мен жұмысын жеңілдету еді. Ал осы идеяны жүзеге асыруға талпынған қандай өнертапқыштарды білеміз?
Алғашқы адамзатқа мәлім «роботты» б.з.д. V ғасырда Тарентумдық Архит есімді грек математигі ойлап тапқан. Оның ағаштан жасаған көгершіні 200 метр қашыққа ұша алған. Алайда аз уақытқа қалқып ұшқанымен, құлап, кейін қайта тұрмаған. Ағаш көгершіннің механизмі мен алгоритмі ғылымға белгілі емес.
Б.з. І ғасырда александриялық Херон механикалық жұмысшылар жасау жолдарын қарастырған. Ол металл бұйымдар жасауға автомат ұста шеберханасын қолдануға болады деп есептеген. Құралдары мен технологиялары жарамағандықтан, Херон өз идеясын іске асыра алған жоқ.
Содан бері 2 000 жыл бойы өнертапқыштар мен инженерлер робот жасаудан тәжірибе жинады. Роботех тарихында екі өнертапқыштың еңбегі орасан: бірі – Исмаил әл-Жәзари, екіншісі – Леонардо да Винчи.
Екі өнертапқыш қандай робот жасаған? Осы жөнінде және роботтарға қатысты қызықты ақпаратты «Әл-жәбрдің атасы» журналының №4 санынан оқи аласыз.