Айналасына пайда әкелетін әрі тұрақты кірісі бар табысты бизнесмен болуды әркім армандар. Көбіңізде осындай арман не тіпті нақты жоспар бар екеніне сенімдімін… Сол себепті бүгін бизнес туралы әңгіме қозғағым келді. Әрине, әрбір кәсіпкердің өз жолы бар, дегенмен олардың бәріне мына қасиеттер тән: еңбексүйгіш, батыл (өйткені бизнесте тәуекел маңызды), жауапкершілік пен өзіне деген сенім. Әрине, кәсібилік, оған қоса, өз ісінің ерекшелігін, нарықтағы негізгі заңдылықтарды білу, таңдаған саласына қатысты заңдар мен өзге де көптеген маңызды дүниені меңгеру қажет.
Істі бастау әрқашан қиын, менің ойымша, ең дұрысы, білім алудан бастау керек. Өзіңіз қызығатын әрі болашағы бар бағыттарды, сондай-ақ кәсіпкерлік құралдары мен ережелерін алдын ала зерттей бастаған дұрыс. Бүгінгі мақалада бизнесті дамытудың өте қызықты әрі кең таралған құралы – франшизаға тоқталамын.
Олай болса, басты анықтамаларды талдап түсіндірейік:
- Франшиза – басқа брендтің атынан бизнес жүргізу құқығы, сондай-ақ оның бизнес-моделін – жұмыс стандартын, технологиясын, рецептін, сату желісі мен серіктестермен қарым-қатынасын және т.б. қолдану мүмкіндігі. Қарапайым тілмен айтқанда, франшиза реттелген бизнес-процесі бар әрі кең танылған стильмен дайын концепция бойынша бизнесті нөлден бастауға мүмкіндік береді.
- Франчайзинг – франшизаны сату мен сатып алуға негізделген бизнес-концепция. Сондай-ақ франчайзинг франчайзер мен франчайзи арасындағы заңды және экономикалық қарым-қатынастар жүйесін де білдіреді.
- Франчайзер басқа кәсіпкерлерге өз брендінің атынан сауда немесе қызмет көрсету нүктесін ашуға, сондай-ақ дайын бизнес технологиялары мен серіктестік қолдауды пайдалануға мүмкіндік береді.
- Франшизаны сатып алушыны франчайзи деп атайды. Бұл тауар не қызмет түрін ірі компанияның сауда белгісімен сатқысы келетін жеке кәсіпкер немесе ұйым болуы мүмкін.
- Франшиза сатып алу кезінде франчайзи паушалдық жарнаны – франчайзерге желіге қосылу құқығы үшін бірреттік төлемді төлейді. Паушалдық жарнадан бөлек, франчайзинг келісімшартында роялти – франшизаны пайдалану үшін ай не тоқсан сайын яки жыл сайын төленетін тұрақты төлемдер де жиі қарастырылады. Негізінде, роялти – брендті пайдалану мен бизнесті қолдау үшін төленетін абонент тәрізді нәрсе.
Айта кету керек, франшизаны әдетте сауда желілері сатады. Бұл құралды тек Coca Cola, McDonald’s, Starbucks, Mariott, Radisson Blue сияқты әртүрлі саладағы әлемдік ірі бизнес алпауыттары емес, сондай-ақ белгілі бір аймақта танымал жергілікті бизнес ойыншылары да қолданады. Мысал ретінде, қазақстандықтарға жақсы таныс түрік асханалар желісі Degirmen немесе Қырғызстаннан франшиза арқылы Қазақстан мен Ресейге келген «Куликовский» (Kulikov) сауда желісін айтуға болады.
Бұл құрал жаңадан кәсіп бастаушыларға өте тиімді, өйткені франшиза – жеке кәсібін бастауға мүмкіндік беретін әрі жаңадан кәсіп бастаушылардың көбінде бастапқы кезеңде кездесетін проблемаларды айналып өтуіне мүмкіндік беретін әдіс. Мәселен, бизнес-идея іске аспай қала ма деп алаңдаудың керегі жоқ, өйткені оны сынақтан өткізген. Сондай-ақ брендті танымал етуге де артық күш жұмсамайсың, франшизаны сататын компанияның өзі мұны жолға түсірген. Қарапайым тілмен айтқанда, франшиза дайын концепция бойынша, реттелген бизнес-процестер мен кең танылған модельді қолдана отырып, бизнесті нөлден бастауға мүмкіндік береді.
Мысалы, кәсіпкер кафе ашқысы келеді, алайда жұрт білмейтін, нөлден бастаған бренді клиент тартпайды деп алаңдайды. Оған қоса, өнімді қайдан аларын, қандай мәзір құрарын білмейді. Аспаздар мен сатушыларға ақысын қалай төлеу керек екені туралы да түсінігі жоқ. Сол себепті кәсіпкер осындай кафелердің танымал брендінен франшиза сатып алуды ұйғарады.
Келісімшарт жасалған соң кәсіпкер бренд атауын, логотипін, мәзірі мен жеткізушілермен байланысын пайдалануға құқық алады. Сондай-ақ кәсіпкерге кафе үшін орын таңдау мен жалға алу, жабдық жеткізу, бизнесті бастауға арналған нақты нұсқаулық (скрипт) беріледі. Міне, осының бәрі франшиза бойынша жұмыс істеуге айқын мысал бола алады.
Енді кемшіліктеріне тоқталсақ… Франшиза кәсіпкерлердің еркін әрекет ету мүмкіндігін шектейді. Оның үстіне, әрдайым тиімді бола бермейтін талаптар қояды, мысалы, тек қала орталығынан ғимарат жалдауды міндеттейді. Қоғамдық тамақтану орындарында белгілі бір мәзірді ұстану, бекітілген рецепті сақтау, белгіленген баға саясатын ұстану сияқты талаптар қояды.
Тоқетері, франшизаның артықшылығы мен кемшілігі де жетеді, әрі оның франчайзи үшін де, франчайзер үшін де маңызы зор.
Франчайзер үшін франшиза сату – бренд танымалдығын арттырып, паушалдық жарналар мен роялти арқылы табысын көбейтудің бір жолы. Алайда франчайзилер өнім өндіру технологиясын бұзып не қызмет көрсету сапасын түсіріп, брендтің жалпы беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. Әр франшизаның өз шарттары болғандықтан, франчайзерлер үшін артықшылық пен кемшілік те әртүрлі болады. Дегенмен франшизаның ортақ артықшылығы мен кемшілігі бар.
Франчайзи үшін франшизаның басты артықшылықтары:
- Танымал бренд. Франчайзи франчайзердің танымал брендінен пайда көреді, бұл оған жарнамаға кететін шығынды үнемдеуге, көптеп клиент тартуға септігін тигізеді. Мысалы, McDonald’s компаниясы жылдар бойы бедел жинап, адамдардың сеніміне бөленгендіктен, франшизалары әлемнің қай түкпірінде ашылса да, оңай клиент тарта алады.
- Бизнестің дайын концепті. Франчайзи тексерілген бизнес-модельді, ретке келтірілген бизнес-процесс пен франчайзер жетілдіріп, өңдеген жұмыс әдісін алады. Бұл – табысқа жетуге таптырмас мүмкіндік: франчайзи бизнесті нөлден бастамайды әрі қателікке ұрынбайды.
- Франчайзердің қолдауы. Келісімшартқа сәйкес, франчайзи жарнамалық қолдау, қызметкерлерді оқыту немесе қандай да бір мәселе туындаса, бірден көмек ала алады. Осының арқасында франчайзи жұмыс процесін толық басқаруға ден қояды. Бұдан бөлек, кейбір франчайзерлер бизнес моделін сатып алған франчайзилерге кешенді оқыту бағдарламасын ұсынады.
- Тиімді сатып алу. Франчайзи франчайзерден материалдар, шикізат не дайын тауарларды жеңілдікпен ұжым бөлімшесі ретінде сатып ала алады. Мысалы, 7-Eleven бренді франчайзилеріне жеткізушілермен тиімді мәміле жасауға мүмкіндік беретін орталықтандырылған сатып алу жүйесін ұсынады.
Франчайзи үшін франшизаның кемшіліктері:
- Іс бастардағы жөн-жосықсыз шығындар. Бизнесті іске қосуға ақша салғаннан бөлек, паушалдық жарнаны төлеу мен келісімшартта көрсетілген мерзім бойынша тұрақты роялти төлеу қажет. Мысалы, McDonald’s франшизасын іске қосуға арналған бастапқы инвестиция көлемі 1 миллионнан 2–3 миллион долларға дейін өзгеруі мүмкін. Көптеген кәсіпкерге мұндай нарыққа кіру оңайға соқпайды.
- Пайданы бөлісу. Франчайзи тапқан пайдасын франчайзермен бөлісуге міндетті. Франчайзи тапқан пайдасын бизнеске қайта инвестициялауға толық сала алмайды яки өзіне жоғары жалақы бекітуден бас тарта тұрады. Орта есеппен роялти жылдық пайданың 4%-дан 7%-ға дейінгі бөлігін құрайды.
- Бақылау мен шектеулер. Көптеген франчайзер бизнес жүргізудің стандарттарын қатаң бақылайды, одан бас тарта алмайды. Бұл стандарттар, мысалы, сату нүктесінің орналасу ретін, шикізат пен материалдар сапасын реттейді. Мәселен, Subway жылдам тамақтану желісінің франчайзилері белгілі бір нан рецептін пайдаланып, ингредиенттерді арнайы жеткізушіден сатып алуға тиіс. Кейде бұл ережелерді ұстанғанда көпке түсуі мүмкін яки қолайлы болмайды.
- Франчайзерге тәуелді болу. Франчайзер банкротқа ұшыраса не бизнес-моделін өзгертсе, бұл франчайзидің бизнесіне кері әсер етуі мүмкін. Сол сияқты, бренд беделіне нұқсан келу рискі туындаса, бұл франчайзидің жұмысына әсер етеді – негізгі бренд төңірегінде ғаламдық жанжал туындар болса, клиенттердің франчайзидің барлық нүктесіне артқан сенімі азаюы мүмкін.
Осылайша, франчайзинг кәсіпті жаңадан бастаған кәсіпкер үшін табысты бизнес-модельге айналуы мүмкін, ол өз бетінше бизнес процесін құрып әуре болмайды яки бренд дамуына аса алаңдамайды. Сондай-ақ бұл оның еркіндігіне тұсау салып, табысының бір бөлігін франчайзерге беруге мәжбүр болады.
Айта кету керек, соңғы 10–15 жылда ТМД елдеріндегі франшиза нарығында бұрын-соңды болмаған серпіліс орнады. Әркімнің өз қалтасына сай франшизаларды таңдау мүмкіндігі пайда болды. Мұндай тренд кәсіпкерлер мүмкіндігін кеңейте түсті.
Осы екі жол тұрғанда сіз қайтер едіңіз? Өз бизнесіңізді аз капиталмен бастап, өз бетіңізше дамыту жолына түсесіз бе, әлде франшиза сатып алуға инвестиция салғанды жөн көресіз бе?