Әйгілі математиктің таңғажайып оқиғасы
1914 жылы Америка Құрама Штаттарында Жорж деген сәби дүниеге келеді. Оның әкесі математика мұғалімі болатын, балаға кішкентайынан есеп шығарып үйрететін жан еді. Жорж достары мен өзі құралпы балалардан аса ерекшелене қоймайтын.
Ол мектепте қатардағы оқушының бірі, ал университетте қарапайым студент болды. Екі жыл АҚШ Еңбек министрлігінің статистика бюросында еңбек еткен соң, Жорж Беркли университетіне докторантураға түскен еді. Бір күні статистика сабағына 20 минутқа кешігіп келеді. Аудиторияға ақырындап кіріп тақтаға қараса, екі есеп жазылып тұр екен. Жорж оны үйге берілген тапсырма екен деп, дәптеріне жазып алады. Сабақ біткен соң Жорж үйіне барып, сол есептерді шығара бастайды. Есеп күнделікті шығарып жүргенінен әлдеқайда қиын болып шығады. Алайда Жорж сабаққа кешігіп келіп, сабақ басында профессор түсіндірген тақырыпты өткізіп алғандықтан, қиындау болып тұр деп қана ойлайды. Сөйтіп, бұл есепті Жорж екі-үш күнде қинала шығарады. Кейінгі сабақта Жорж үй тапсырмасын профессорға өткізеді. Сабақ түсіндіріп тұрған профессор Жорждың берген дәптерін үстелге қойып, мән берместен ары қарай сабағын жалғастыра береді. Екі апта өтсе де Жорж профессордан үй жұмысы туралы еш хабар алмаған болатын. Сұрағанның өзінде профессор әлі тексермегенін айтып жауап қататын да қоятын. Жорж одан әрі қобалжиды. Өйткені семестр аяқталып жатыр, ал оған қосымша балл керек еді.
Біраз уақыт өткенде Жоржды деканатқа шақырады. Мұны күтпеген оның одан әрі басы қатады. Деканатқа кірсе, ішінде профессоры, декан және бейтаныс тағы екі кісі тұр екен. Сол мезетте профессор:
– Жорж, бұған қайтіп миың жетті? Өзің шығардың ба, әлде біреу көмектесті ме? – деп сұрайды. Сонда Жорж:
– Профессор, нені айтып тұрсыз? – дегенде, профессоры әлгі үй жұмысын көрсетеді де, бәрін дұрыс шығарғанын айтады. Ал бұл қарапайым үй жұмысы емес, дүние жүзінде әлі ешкім шығара алмаған есептер еді. Лекцияда профессор осы екі есепті тақтаға жазып, мұны өзі және өзге де профессорлар, тіпті әлемде ешкім шығара алмағанын айтқан. Тіпті ең мықты математиктердің бұл есепті шығаруға күш-жігері жетпеген.
Бұл докторанттың толық аты-жөні – Жорж Данциг еді. Ол 1914 жылы 8 қарашада туып, 2005 жылы 13 мамырда дүниеден озды. Жорж Данциг кейін simplex method деп аталған сызықтық бағдарламауды жасап, 1974 жылы Фон Нейман атындағы премияның алғашқы лауреаты атанды. АҚШ мен әлемге әйгілі математик көп еңбек жазып қалдырды.
«Сабаққа кешігіп келмегенімде, мұндай даңқ бұйырмас еді. Өйткені сабақ басындағы профессордың есеп туралы айтқанын естігенде шығарар ма едім, кім білсін» дейді Жорж Данциг бір сұхбатында.
Түйін: әлі ешкімнің қолынан келмеген нәрсені біз жасай аламыз. Алайда істер алдында «мұны жасау мүмкін емес» деп ойласаңыз, шынымен, солай болмақ. Сол себепті ойыңыздың құрсауынан шығып, орындай аламын деп сеніңіз.