Спорттық я өзге де сайыстар кезінде күміс алқаны мойнына тағып, өкініштен өзегі өртенген адамдарды жиі көріп жатамыз. Алтынға я чемпион болуға бір қадам қалғанда шалыс басқан жан қайдан қуансын! Бірақ олар Мысыр фараоны – Менес заманында (біздің заманымыздан бұрынғы 3600 жылы) өмір сүрсе, мүлде басқаша ойлар ма еді?! Өйткені дәл осы уақытта күмістің бағасы алтыннан 2,5 есе қымбат болған. Ежелгі дәуірде күмістен теңге мен зергерлік бұйымдар жасалған. Байырғы халықтар күмістің сиқырлы қасиеті бар дегенге сеніп, жын-перілерден қорғайды деп ойлаған. Тіпті XVI–XIX ғасыр аралығында Еуропа елдері ақшаны күмістен соққан. Дегенмен адамзаттың ұзынсонар тарихында күміс алтыннан кейін тұратын металл болып келгені мәлім. Алайда таяу уақытта Менес заманындағыдай күміс қайта ең бағалы металға айналуы бек мүмкін. Олай болса, әңгімені көп созбай, ең көне әрі ең пайдалы металдың бірі – күмістің қысқаша тарихына тоқталайық.
Күмістің пайда болу тарихы
Күміс – ертеде алтынмен қатар қолданылған алғашқы металдың бірі. Металл табиғи таза күйінде кездескендіктен, ежелгі адамдарға күмісті іске жарату оңай болған. Күмістен жасалған бұйымдар туралы алғашқы археологиялық деректер шамамен б.з.д. 4000–5000 жылдары кездеседі. Мәселен, Мысырда, Қосөзенде және Кіші Азияда күміс әшекейлер мен құралдар ежелгі заманда кеңінен қолданылған.
VII–XVIII ғасырларда химия ғылымы дамып, элементтердің қасиеттерін жүйелі түрде зерттеу ісі басталды. 1751 жылы швед химигі Георг Брандт және өзге ғалымдар күмісті металдар қатарында сипаттап, оның таза зат екенін дәлелдеді. Кейінірек Дмитрий Менделеевтің 1869 жылы жасаған периодтық жүйесіне күміс «Ag» символымен енгізілді. Демек, дәл осы жылы күміс ғылыми тұрғыда химиялық элемент ретінде толық мойындалды деген сөз.
Күміс туралы қызықты әрі толымды ақпарат білгіңіз келсе, «Әл-жәбрдің атасы» журналының №12 санындағы мақаланың толық нұсқасын оқыңыз.